«Латын әліпбиі халыққа ыңғайлы болуы керек»

ATPress.kz. 12 қыркүйек. Кеше Астанада «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткені белгілі. Жиында латын әрпінің бірыңғай нұсқасы жіліктеліп, танымал ғалымдар өз ойларын орта

Осы орайда, ATPress.kz порталы филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Әбдірахманованың пікірін білді. Ол А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың әдістемелік орталығы дайындаған әліпби жобасы көңілінен шыққанын айтады. «Әрине, әлі де ғалымдар мен жұртшылық өз пікірін білдіретін шығар. Себебі бұл әліпбиді қолданушы халық, сондықтан ол халыққа ыңғайлы, қолдануға жеңіл болуы керек. Ғылыми, көркем, ресми ақпаратты оңай қабылдау мен жеткізуге, сақтауға қолайлы болуы шарт», - дейді тіл маманы.

«Латын әрпіне көшу мәселесі 1993, 2007, 2013 жылдары бірнеше рет ғалымдар арасында талқыланған, көптеген жобалары жасалған, пісіп-жетілген сұрақ. Енді міне, оның парламентте қаралуы 2025 жылы латын қарпіне толық көшуге бағытталған нақты қадам екені сөзсіз. Алда тұрған міндет – қазақ халқының бай әдеби мұрасын, қордаланған ғылыми еңбектерді осы қаріпке ауыстыру, бұл процестің техникалық, қаржылық мәселесін шешу. Ал қазіргі маңызды бағыт – халыққа латын графикасына көшудің маңызы мен мәнін, қажеттілігін жан-жақты түсіндіру», - деп атап өтті Ж. Әбдірахманова. 

 

Айдос Қарабала