Құрманғазылықтар Шәміл Әбілтаймен кездесті

ATPress.kz. 10 желтоқсан. Құрманғазылықтар қазақ өнерінің жарық жұлдызы, күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаймен кездесті.

Кеш барысында елімізге танымал ағамыз өзінің Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен кездесуі, Ресейдегі Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеевке арнап шығарған туындысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімесі және басқа да әдемі естеліктерімен бөлісті. 

Өзі және жұбайы Өрікгүл шығарған бірнеше әндерді, күйлерді орындады. 1968 жылы Әбіш Кекілбаевпен бірге Жұмекеннің үйінде болғанда орындаған «Абыл», Елбасымызға арнап шығарған «Қазақстан-Нұрсұлтан» күйлерін тартып, халық қошеметіне бөленді. Сонымен қатар шығармалары енген бірнеше компакт-дискіні аудан басшысына сыйлады. Құрманғазы ауданы әкімі Бибоз Шаяхметов шақыруын қабыл алғаны үшін Ш.Әбілтайға құрманғазылықтар атынан ризашылығын білдіріп, шапан жауып құрмет көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Талапқали Зайнуллин Шәміл ағамызбен бірге оқыған кездерін жылы лебізбен еске алып, сазгерге «Ғұмыр-дария» атты үнтаспасын ұсынып, шапан жапты.

 

Өз тілшіміз