ATPress.kz. 13 желтоқсан. Қызылқоға ауданы орталығындағы мәдениет үйі «Арманда» бұлбұл үнді дауыс сыртқа естіліп жатты. Бейне Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды қазақтың маңдайына біткен жұлдыздары ауданға келгендей әсер қалдырды.
Жоқ... Бұл табиғи дарын иесі, Бүкілодақтық ІІ фестивальдің лауреаты Ғалия Ықыласованың үні еді. Зал лық толы. Сахна шымылдығы Ғалия Ықыласова орындауында Ш.Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әнін халықтық «Еспай» ұлт аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен ашылды. Одан соң, «Бір келіншек», «Ахау, керім», «Ахау, Семей» халық әндерін тамылжыта шырқады. Бұл өнер кешінің атауы «Өмірімнің бір бөлшегі - өнерім» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, қазіргі таңда жанды дауыста ән салған әншіні көру сиреді. Сол себептен болар, Ғалия Жолжанқызының ән кешіне көрермен қатарынан Жасқайрат, Тайсойған ауылының тұрғындары да табылды. Кешті жүргізген Жәния Қалиқызы ең алдымен Ғалия Жолжанқызының өмірдерегімен таныстырды. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов құттықтау тілегін білдіріп, аудан әкімі Арман Баженовтің атынан "Алғыс хат" табыстады.
Ән салу – таңғажайып өнер. Олай деуімізге, Ғалия Жолжанқызының шырқаған әні тұла бойымызға бойлай өтіп, нәзік үні жүрек қылын қозғады. Және де өнер кешінде елге белгілі сазгер, композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, жергілікті сазгер Жакулә Нұрғалиев, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов, Медет Салықов, Жаяу Мұсалардың әндерімен бірге, халық әндері шырқалды.
Сырт келбеті мен сахнада өзін-өзі ұстауы ешкімге ұқсамайтын өнер иесінің бұл кеш арқылы мерейі тағы бір өсті. Ол туралы Ғалия Ықыласованың өзі:
- Осыдан екі-үш күн бұрын аздап ауырып қалған болатынмын. Алайда мен сахна үшін, өнер үшін жаралғандықтан, бар күшімді жинап тағы да сахнаға шықтым. Жалпы Қызылқоға өңірінде өнерлі жандар жетерлік. Барлығы да бағалануы керек. Біздер алға қарай жүріп келе жатқанымызбен, соңымыздан жас өнерлі өрендер өсіп келеді. Міне, соларға көмек қолын созуымыз қажет. Менің өнер сахнасында жүрген кездеріме өкпем жоқ. Халықтың ризашылығы мен ықыласының арқасында бүгінгідей дәрежеге жетіп, бір марқайып отырмын, - дейді.
Нұрсәуле Жауынбаева