«Келінжан» – бесінші маусымы түсірілген алғашқы телехикая

«Келінжан» –  қазақстандық сериал өндірісінде бесінші маусымға жалғасқан алғашқы телетуынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында «Хабар» телеарнасының директоры Жайна Жақсылықова хабарлады. 

Оның айтуынша, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, көпшілік асыға күтетін телетуынды «Келінжан» сериалы 2018 жылдан бастап түсіріліп, бес маусымда 126 сериясы көреренге жол тартқан. 

«Әр маусымы –тарих, әр акейіпкері – бір төбе... Көрсеткіштері жақсы екені өз-өзінен түсінікті. Мысалы, қырүйек айынан бастап бес апта бердік. Орташа көрсеткіші 13,1%  болды. YouTube-те одан да көп, жалпы жиыны 300 миллион қаралым болған. Соңғы бесінші маусымның өзін 51 миллионнан астам қаралым жинады», – деді Ж.Жақсылықова. 

Сондай-ақ, телехикаяның алғашқы төрт маусымы халықаралық дистрибуцияда да үлкен сұранысқа ие болған. Мысалы, ресейлік платформадағы рейтингі 8,3-ке жеткізіп, көрерменнің оң бағасын алған. 

«Хабар» телеарнасының директоры сонымен қатар, «Келінжан» сериалына кәсіби тұрғыда да баға берілгенін атап көрсетті. Былтыр көктемде отандық телехикая «Наурыз» фестивалінде «Тұмар» сыйлығының иегері атанғаны белгілі.

2022 жылы «Келінжан» фильмі қазақстандықтар көптен күткен фильмдердің тізімін бастап тұрған. Отандық кинотеатр көрермендерінің арасында жүргізілген маркетингтік зерттеу осыны көрсеткен. Бұл туралы фильмнің бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова мәлім етті. Сол себепті биыл кинотеатр желілері фильмді прокатқа алуға қызығушылықтары зор екенін жеткізді. 

«Келінжан-2» туындысы 19 қазаннан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды. 

«Сериалдан үлкен метр жасау эксперименті сәтті шыққаннан кейін екіншісін жасап отырмыз. «Алтын шыққан жерден қаз» демекші. Бірақ шығып, көрермен ағылып барғанға дейін бәрібір уайым басым. Биылғы «Келінжан-2» Айсараның еншісіне тиіпті. Басты кейіпкері Айсара деуге болады. Жалпы, дәстүрден таймай, тек қана арзан күлкі емес, айтары бар дүние болды... Бұл жолы да отбасыға басымдық берілді... Қазір қоғамда болып жатқан трендтердің барлығын қамтуға тырыстық», – деді Г. Мамасарипова.

Өткен жылы «Келінжан» туындысының толықметражды нұсқасы шетелдік прокатта да шықты. 

«Фильмді сәтті шықты деп айта аламыз. Қырғызстанның төрт қаласында Бішкек, Ош, Тоқмақ және Жалалабат қалаларының 15 кинотеатрында көрсетілді. Бұл – «Хабар» агенттігінің өз өнімін алғаш рет басқа тілде дубляж жасап, шетелге шығаруы», – деп мәлі етті «Хабар» телеарнасының директоры Ж. Жақсылықова.

«Келінжан» – өміршең сериал. Сондықтан ол жалғасын таба береді деп ойлаймын. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Келінжан-2» толықметражды туындысының үлкен экранға шығуына арналған баспасөз конференциясында басты кейіпкерді сомдаған актриса Дариға Бадықова осындай пікір білдірді. 

Оның айтуынша, бұл кинотуындының ерекшелігі көрерменінің жасында шектеу жоқтығында. 

«Төрт жастағы балаға дейін Айсара деп жүгіргенде, Асылым, Балқия деп жүгіргенде актерлардың ғұмыры көрерменмен бірге қартаятын құсап тұрады», – деп жеткізді өз ойын актриса.

Сондай-ақ Д.Бадықова «Келінжанды» ешқандай фильмге, сериалға бәсекелес деп қарастырмайтынын айтты.

Оның пікірінше, бұл өзінің орнын алатын фильм және оны өміршең қып жеткізгені үшін барлық әріптестерне алғыс білдірді. 

Атап өтерлігі, «Келінжан-2» туындысы 19 қазанда кинотеатрларда көрсетіле бастайды.