Атыраулық жастар Жайық жағасында домбыра тартып жарысты

Атырау қаласында шілде айының екінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні аясында шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнап бірқатар іс-шаралар өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Алдымен, мереке қарсаңында 1 шілде күні Жайық өзенінің жағалауында «Dombyra Party» шарасы ұйымдастырылды. Жергілікті жастар өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

«Биыл Ұлттық домбыра күні 2 шілдеге сәйкес келіп тұр. Біз өз тарапымыздан атыраулық белсенді жастардың басын құрап, тағылымдық-тәрбиелік мәні зор мерекені тойлауды ертерек бастап кеттік. «Dombyra Party», бұл – заман талабынан туындаған өнер жарысы десе болады. Мұнда домбыра шертіп, күй күмбірлете алатын кез келген тұрғын бір-бірімен бақ сынай алады. Мақсат – домбыра тарта білетін жастардың өнеріне қолдау білдіру, қазақтың ең басты музыкалық аспабын насихаттау. Әсіресе, қазіргідей телефонға телміріп, «тик-токтан» түспейтін жастар үшін мұндай шаралардың маңыздылығы жоғары. Әлі де жалғасын табады. Осы орайда, жергілікті жастарды тек атаулы күнде ғана емес, күнделікті өмірде осындай шараларға белсене қатысуға шақырамын» дейді Атырау қаласы жастар ресрустық орталығының басшысы Бекарыс Закариев.

Соңында белсенділік танытқан жастарға Алғыс хат табысталып, тәттілер таратылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ