ATPress.kz. 31 қаңтар. Бүгін Атыраудағы Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жарық көрген «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы ХХ ғасырдың 20-жылдарынд
Негізгі жаңалық сол, кітап-альбомда ХХ ғасырдың 20-жылдары Каспий маңын мекендеген қазақтардың этнографиясына қатысты Ресей Ғылым Академиясы архивінің Санкт-Петербург қаласындағы филиалының қорынан алынған 200-ден астам бірегей архивтік фотосуреттер жарияланған. Оның ішіндегі суреттердің 150-ден астамы бұрын-соңды мүлдем жарыққа шықпаған құнды дүниелер. Өткен заманның тарихынан сыр шертетін түсірілімдер негізінен Одақтық және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше комитеттің, профессор С. Руденко бастаған антропологиялық отрядының 1926 жылы Ақтөбе губерниясы мен Адай уезінің аумағына жүргізген далалық ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында жасалған. Фотосуреттерде қазақ халқының болмысы, шаруашылығы, кәсібі, қолөнері, баспана және тұрғын-жайы, ұлттық ойындары мен зираттары көрініс тапқан.
Кітап-альбом ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Каспий маңындағы көшпелі қазақтардың тарихы мен этнографиясына қатысты жарық көрген алғашқы фотоальбом болып табылады. Айта кетелік, аталмыш еңбекті Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы М.Кипиев бастаған зерттеушілер құрастырып шығарды.
«Рухани жаңғыру» жобасы аясында өткен іс-шараға аталған басқарма басшысының орынбасары А. Джолаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Ризуанов, өлкетанушылар Ө. Қажымғалиев пен Ө. Әлімгереев, облыстық архивтің директоры Ә. Мұқтар, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Ж. Жұмабаева және облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы М. Кипиев қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Бек Әзберген
Суреттер "Тарихи-мәдени Мұраны Сақтау Орталығының" Фейсбуктегі парақшасынан алынған