Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы қорымдардан елде бұрын-соңды кездеспеген бұйымдар табылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылының солтүстігінен 10 шақырым жерде орналасқан «Қарабау-2» қорғанының диаметрі 70, биіктігі 3 метр. 2023-2024 ж.ж. қорғанға жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның жетеуінің тоналмағандығы анықталды. Қабірлерді зерттеу барысында олардың біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынғаны белгілі болды. Олардан түрлі әшекей бұйым, заттар, қару-жарақтар мен керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Археологтардың сөзінше, мәйіттерді топтап жерлеген жағдайлар да кездескен. Обалардан табылған әшекейлер мен пайдаланған бұйым мен қару-жарақтарға қарап мамандар «патшалық обалар» деген баға беріп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2 жылдық археологиялық жұмысының нәтижесі «Сармат алтындары» көрмесінде таныстырылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшылары мен тарихшылар қатысты.
«Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деп есептеп келген. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап Каспий ойпаты, Жайық, Жем өзенінің маңы кезіндегі үлкен империяның орталығы деп айтуға болады. Жалпы табылған жәдігердің саны мыңға жуықтайды. Оның жүз шақтысы — алтын әшекей мен зергерлік бұйым. Олар аң стилі негізінде жасалған. Сол дәуірде өңірді мекендеген жыртқыштардың бейнесі (барыс, қабан, жолбарыс, киік) табылған заттардан байқауға болады. Осы зерттеу жұмысының аясында бұрын кездеспеген ағаштан жасалған қос тостаған жақсы күйде сақталыпты. Қазіргі уақытта олар реставрацияда» деді археологиялық экспедицияның басшысы Марат Қасенов.
Жалпы 3 оба қазылған. Әрқайсысынан шамамен 10-15 қабір анықталып отыр. Археологтардың айтуынша, сарматтар тәңірлік діни көзқараста болғандықтан қолданған бұйымдарымен қатар, қолданған заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. «Қарақұдық-1», «Қарақұдық-2» қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 9,7 шақырым қашықтықта орналасқан. Қос қорғанды зерттеу барысында да күміс пиктограмма(ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), зергерлік бұйымдар,тұрмыстық бұйымдар, темір мен қоладан жасалған қару-жарақтар сынды дүниелер табылды.
Елімізде бұрын-соңды кездеспеген алтын тұтқасы бар сынама тастың екеуі «Қарабау-2» қорғанынан табылды. Бұрын сарматтықтар алтынның дұрыстығын, яғни, сапасын осы тас арқылы анықтаған. Қазіргі уақытта осындай тасты алтын сатып алумен айналысатындар пайдаланады. Жерлеу орындарынан адамның киіміне тағылған алтын жапсырмалар табылғанын да айта кетейін. Олардың салмағы 2 граммнан басталады. Ең ауыр алтын әшекей – екі жағында тау барысы бейнелеген білезік. Оның салмағы шамамен 370 граммды құрайды, - деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-ғылыми зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаев.
Қазба жұмыстарына 20 жұмысшы мен музейдің 5 қызметкері қатысқан. Астана мен Алматы қаласынан антропологтар шақырылған. Жалпы барлау жұмыстарының нәтижесінде Қарабау ауылының маңындағы обалар 2005 жылы анықталыпты. Археологтардың айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар.
Сәуле МАҒАУ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ