Атырауда республикалық дебат турнирі өтуде

Атырауда IV республикалық «Director`s CUP» дебат турнирі өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Екі күнге жалғасатын турнирге еліміздің 13 облысынан келген 28 мектеп директоры қатысуда. Олардың арасында Атырау облысының намысын 4 басшыдан құралған 2 топ қорғайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Сайыстың бірінші күнінде қатысушылар 3 раунд дебат өткізеді. Ертең жартылай және қорытынды финал өтеді. Төрешілер қатысушылардың тақырыпты аша алу, сұрақтарға жауап беру және дебат ережелерін сақтау деңгейіне қарап, баға береді.

- Бәріне қолжетімді сапалы білім бағдарламасы баяндамасын іске асыру аясында білім беру ұйымдары басшылары арасында республикалық «Director`s CUP» дебат турнирі өтіп жатыр. Басты мақсат – директорлардың көшбасшылық қабілетін, зияткерлік әлеуетін жан-жақты аша түсу. Басқа облыстан келген қонақтарымызды «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына және облыстық тарихи-өлкетану мұражайына апарып, өңірдің мәдени, тарихи мұрасымен таныстырамыз, - деді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева.

Қызылорда облысы Арал ауданы №220 мектептің директоры Әліби Әбілбаевтің айтуынша, мұндай дода директорлардың тәжірибе алмасып, өңірлердегі білім беру сапасының артуына үлесін қосады.

- Осы туринирге облыстық іріктеу кезеңнен өтіп келдік. Дебат ойындары еліміздің барлық білім беру ұйымында кеңінен тараған бағдарлама. Бұл оқушыларға да, ұстаз бен басшылыққа да өте пайдалы. Себебі сыни ойлау қабілетін дамытады және тың ақпаратты иегерудің жеңіл тәсілі, - деді Ә.Әбілбаев.

Сәуле МАҒАУ