Өңірімізге танымал сазгер, ақын, білікті ұстаз, домбырашы Самат Мәдиев - қасиетті Нарын құмының тумасы.
Ол 1941жылы Тұщықұдық ауылында туған. Жастайынан өнерге жақын Самат Сұлтанбекұлы республикалық, түрлі деңгейдегі өнер сайысы мен халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлдегер атанады. Сазгердің 150-ге жуық ән-күйі бар. Әсіресе, оның "Туған жерім - Нарыным", "Немерем", "Жастар мерекесі", "Әлпеншек" атты ән-күйі көп көңілінен шығып, жүректерге жол тапқан.
Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, "Бейбітшілік әлемі" халықаралық шығармашылық бірлестігінің мүшесі, "Бейбітшілік әлемі" алтын медалінің иегері Самат Мәдиев отбасында үлгілі әке, қадірлі ата бола білді. Ол өмірлік қосағы Забихан апаймен үш ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, олардан жиырмаға жуық немере, жиен, шөбере сүйді. Ұлдары - Нұрбек пен Тұрсынбек өнер жолын таңдаса, Жандарбегі - ішкі істер қызметінің ардагері. Қыздары Марина да ел экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін аямауда.
Бір қуанарлығы сол, С.Мәдиевтің күйшілік өнері туған жиені Аида Қисметоваға дарыпты. Бүгінде Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің студенті Аида ата күйлерін насихаттап, түрлі өнер сайыстарына қатысуда. Оның Мәскеуде өткен жас өнерпаздар конкурсынан жүлделі бірінші орын алып келуі бүтін әулет үшін зор мәртебе болғанын айту ләзім.
Жақында облыс өнер саласын өркендетуге мейлінше үлес қосқан марқұм Самат Мәдиевтің өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Осынау шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың өзі қатысып, Самат Сұлтанбекұлының отбасы мен туыстарына ең ізгі тілегін арнады.
Аружан РУСЛАНҚЫЗЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2 курс студенті