Соңғы кезде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі үлкен маңызға ие болып, халық арасында қызу талас туғызуда...
Ел тағдырына бейжай қарамайтын жандар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері өз ойларын ашық айтуда. Мәселе өте күрделі. Сондықтан көпшілік әлі де болсын екіұдай пікірде.
Өз басым бұл мәселені зерттеп көрдім. Пайдалы және зиянды тұстарын салыстыра отырып, атом станциясын салған дұрыс деген тоқтамға келдім.
Күннің жарығы мен жылуы сияқты АЭС те мемлекеттің дамыған өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Болашақта электр жарығына тапшылық қаупі тұр. Біз АЭС салудан бас тартпай, ертеңгі күнімізді қазірден бастап ойлап, бұл бастаманы қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жеткізуге болады. Қоршаған ортаны да ойлап, көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қоссақ, экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады.
Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептеймін.
Кейбір елдерде АЭС салуға қатысты қорқыныштары бар. Айналаға көз жүгіртіп қарар болсақ, мысалы Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия атом электр станциясы құрылысына тыйым салған. Ал, Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген станцияның жұмысын тоқтатқан. Германия елі де атомнан бас тартып отыр. Бірақ әлемнің дамыған елдері Ресей, Қытай, Франция, АҚШ әлі күнге дейін атом электр станцияларының құрылысын жалғастырып, оларды пайдалануға беруде. Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, осылайша бұл ел жаппай электрмобильге көшу мәселесін қолға алуда.
Жаннат КЕРЕЕВА,
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары
Фото: ru.freepik.com