Құлсары қаласының 7-ықшамауданында «Ынтымақ» саябағы және Тұрғызба ауылында «Жастар» саябағы халық игілігіне берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аталған саябақтарды «Орталық Азияның Еуразия қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ауыл тұрғындары өз күштерімен салып отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Бұл жобаға биыл үшінші рет қатысып отырмын. Ауылымызды көркейтуге арналған осындай жобаның жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Осы жолы ауыл тұрғындарының бос уақыттарын жақсы өткізуі үшін осындай «Жастар» саябағын салдық. Ауыл жастарының сүйікті орнына айналатынына сенемін,- деді ауыл тұрғыны Мұратбек Ағылов.
Саябақтардың іші жарықтандырылып, тас төселген және орындықтар қойылған. Сондай-ақ «Жастар» саябағына түрлі жеміс талдары егіліп, абаттандырылған болса, «Ынтымақ» саябағына спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар қойылған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ