Жайық апат алдында тұр: салдары қандай болмақ ? (ФОТО/ВИДЕО)

​ATPress.kz редакциясының түсіру тобы Жайықтың бойымен «Ақ Жайықты аялайық!» авторлық экологиялық экспедициясына шықты.


Бірнеше мемлекетті қиып өтетін трансшекаралық Жайық өзеніне қауіп төніп тұрғаны туралы осыған дейін талай айтылып жүр. Осы өзеннің экологиялық ахуалымен танысу, жергілікті тұрғындармен, экологтармен, қоғам белсенділерімен тілдесу мақсатында ATPress.kz редакциясының түсіру тобы Жайықтың бойымен «Ақ Жайықты аялайық!» авторлық экологиялық экспедициясына шықты.

Индер ауданының орталығынан басталған экспедиция Жайық бастау алатын Ресейдің Башқортстан Республикасындағы Учали ауданының Вознесенка селосына дейін жалғасады.

Расымен, Жайықтың ахуалы қаншалықты нашар екеніне экспедиция мүшелері сапардың басында-ақ көз жеткізді.

Индер. Жергілікті кен орнында шығарылатын борат кезінде Жайық өзені арқылы тонналап баржамен Атырауға жіберілетін елі. Ал қазір өзеннің тайыздағаны соншалық, кейбір жерлерде ортасына дейін жаяу кешіп баруға болады.

Айтпақшы, өткелге қатысты бір аңыз бар. XIV-XV ғасырларда өмір сүрген ақын және ойшыл Асан-Қайғы Жайық арқылы тастан өткел салып, халық оны Таскешу деп атап кеткен екен. 2010 жылы шамамен осы тұста көпір салынды. Сол көпірден қарағанда кезінде суы мол өзеннің тартылып қалғаны айқын көрініп-ақ тұр. Тіпті, үлкен аралдар пайда болып, олар өзенді бірнеше уақ арналарға бөліп тастаған. Солардың біреуін біз қиналмай, бір қолмен жүзіп өттік.   

- Асан Қайғы өткел салғанда өзеннің арнасы кең болған. Бұрын өзен тасығанда су басатын жерлерге енді су жетпейді. Биыл су тасуы мүлдем болған жоқ. Көптеген аралдар пайда болды. Ұзамай Жайықтан секіріп-секіріп өтетін шығармыз, - дейді Индербор кентінің тұрғыны Бақберген Сахипов. Оның айтуынша, су қоймасынан су беруді көбейтсе, проблема шешілуі мүмкін.

Индер гидробекеті тұсында судың деңгейі жыл сайын өлшеніп келеді. Ондағы деректерге қарап, кезінде Жайықтың суы қандай деңгейге дейін көтерілгенін байқауға болады.            

   

- Бұл проблеманы Ресей мен Қазақстан үкіметаралық деңгейде шешу қажет екені анық. Су қоймасынан су беруді келістіру жөніндегі комиссияның отырыстары оны шеше алмайды. Жайықты сақтап қалмасақ, бұл планетарлық деңгейдегі апат болады, - дейді Қазақстанның еңбегі сіңген геологы Хасан Камашев.

Бұдан соң Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Чапаев селосына бас тіредік. Селосының атын шығарған бір оқиға – 1919 жылғы қазан айында Азамат соғысының атақты батыры Василий Чапаев осы жерде Жайықтың суына батып қаза тапқан екен.  Алайда, одан бері өзеннің арнасы талай өзгеріп, қазір атақты комдив қаза тапқан тұстан мүлдем басқа жермен ағады. Осы жөнінде хабардар қылған Ақжайық ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев соңғы рет мол су 1994 жылы болғанын, содан бері жөнді су тасуы болмағанын айтты. Ол кісінің пікірінше, бұрындары бекіре тұқымдас балықтар уылдырық шашу үшін Ақжайық ауданына дейін келетін. Қазір балық түгілі, Жайықтың өзін сақтап қалу мұң болып отыр.

- Мұғаджардан бастау алатын Жем өзені Атырауға жетпей кеуіп қалады. Жайық та соның тағдырын қайталауы мүмкін, - деп уайымдайды Д.Жақсыбаев.

Жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиевтің айтуынша, өзеннің тартылуы салдарынан тоғайлар мен жайылмалық шабындықтар құрып барады. Бұның экологиялық салдарынан бөлек, ауыл шаруашылығына келтірер нұқсаны мол. Себебі, жергілікті жерде жайылмалық шабындықтар мал шаруашылығын дамытуда маңызды роль атқарады.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын ATPress.kz өзен түбін тереңдетумен қатар, жайылма алқабын суландыру қажеттігі туралы мәселе көтерген еді. Сол кезде, тәжірибелі инженер-гидротехник Маскеубай Шортабаев проблеманы шешу бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Қайтсе де, Жайықтың одан әрі тайыздауы қатерлі экологиялық, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды туындататыны анық. Ал, оның салдары қандай болмақ – қазір ешкім болжай алмас.    



Каршыға Көшеков,

Фото/видео: Арсен Боранов