Атырауда Жайық өзенін қорғауға бағытталған «Береги» жобасы жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы жоба жетекшісі, «Ecologica» қоғамдық қорының басшысы Татьяна Тегай айтты.
«Біздің басты мақсатымыз – халықтың назарын Жайық өзенінің жағдайына аудару. Өзен жағалауларын бекіту, ағаш отырғызу – басты міндеттеріміздің бірі. Осы орайда 1000-нан астам Каспий талы отырғызылып, өзеннің 1,5 шақырымдық жағалауы нығайтылды» дейді ол.
Жоба жетекшісінің айтуынша, жобаның кешігуіне көктемгі су тасқыны себеп болған.
«Біз бұл жұмыстарды өткен көктемде бастауды жоспарлаған едік. Алайда табиғи апаттарға байланысты жоба күзге қалдырылды. Бірақ біз барлық қиындықтарды жеңіп, жобаны жалғастырдық» дейді Т.Родионовна.
Оның айтуынша, «Береги» жобасы тек ағаш отырғызу шарасымен шектелмейді.
«Бұл – халықтың экологиялық сана-сезімін оятатын бастама. Біз болашақта Жайықты сақтау үшін тағы да көптеген шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз» дейді ол.
Бұл бастама экология саласындағы жаңа жобаларды қолдауға мүмкіндік берген «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұйымдастырған «EcoBatys 2.0» байқауы аясында «Шелл Қазақстан» компаниясымен қаржыландырылып отыр.
Аман ШАМАР