Қызылқоға ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары ерте басталып, нақты жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл жұмыстар көктемгі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіптің алдын алу және өзен суының еркін ағуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. Осыған орай, аудан орталығы маңындағы Ойыл өзенінің түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары басталды. Бұл бастама облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен қолға алынып, қазірде қарқынды жүзеге асуда. Көктемгі су тасқыны кезінде арнасынан асып кету қаупі жоғары аумақтардың бірі – Кенен көпірі маңы. Бұл жер бұған дейін де су деңгейінің көтерілуіне байланысты осал аумақтардың бірі болып саналған. Осыған байланысты қазіргі таңда өзеннің осы бөлігі арнайы техникалардың көмегімен тереңдетіліп, арнасы кеңейтілуде.
"Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды басты назарға алып, бүгін аталған аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу үшін арнайы барып, нысандағы жағдайды көзбен көріп қайттым. Жасалып жатырған жұмыстар бойынша тиісті мекеме басшылары мен мамандарға жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауды тапсырдым" дейді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.
Өзен арнасын кеңейту және түбін тереңдету жұмыстарына арнайы 30 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында экскаваторлар, бульдозерлер және басқа да ауыр техникалар бар. Техникалар белгіленген жоспарға сәйкес жұмыс істеп, өзеннің ең осал аумақтарында қазу және тереңдету жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп сапалы аяқталса, су тасқыны кезінде судың арнасынан асып кету қаупін азайтып, оның табиғи жолмен ағуын қамтамасыз етеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ