Атырауда тасқынға қарсы жұмыстар күшейтілуде

Көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қауіпті аймақтардағы бөгет бекіту жұмыстарын бақылап қайтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Қала басшысы Бесікті, Талқайран ауылдарында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексеріп, мердігер мекеме мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда бұл аумақтарда су ағысын бәсеңдетіп, бөгеттердің шайылуын болдырмау үшін заманауи инженерлік шешімдер қолданылуда. Талқайранда 1,8 шақырым, Ақжарда 600 метр, Бесіктіде 500 метр, Еркінқалада 1 шақырым қашықтықта төзімді геошпунт, геокаркас және табиғи таспен толтырылған берік габион торлары орнатылып жатыр. Бұл құрылымдар судың қысымын тиімді таратып, жағалауды бекітіп, толқынды еркін қабылдау арқылы бөгеттердің шайылуына жол бермейді.

Кейін қала әкімі Алмалы ауылындағы су сорғы станциясына да арнайы барып, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Өйткені дәл осы станция ауыл тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жайық жағасындағы бөгеттерді нығайту – басты басымдық. Су сорғы станциясы аумағындағы бөгеттердің қорғанысын күшейтіп, алдағы қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін қадап тапсырды. Қабылданып жатқан кешенді шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге бағытталған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ