«Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты су тазарту станциясында ауыз суды залалсыздандыруға арналған электролиздік қондырғы іске қосылды. Аталған кәсіпорын директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров айтты , - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Қазан айынан бастап суды тазарту үшін хлордың орнына гипохлорит қосындысын пайдаланып жатырмыз. Бұл электролиздік қондырғы осы процеске қолданылады. Яғни, біз толығымен хлордан бас тарттық. Мекеменің қолға алған жұмыстарының бірі – қала аумағындағы су құбырларын ауыстыру. Осы жылға жоспарланған жұмыстың күні бүгінге дейін 80 пайызын аяқтадық . Бұл су құбырларын жөңдеу, жаңартуға қатысты, - деді «Атырау облысы су арнасы» КМК директорының орынбасары Ғ.Лекеров.
Биыл коммуналдық мекеменің қызметкерлері Жұмыскер ықшам ауданындағы диаметрі 159 мм. болатын ұзындығы 1 шақырым су құбырына күрделі жөндеу жүргізген. Мұндай жұмыс Амангелді ауылында да жасалды. Оған қоса , №4 сүзгі станциясын жабдықтау үшін трансформаторлық қосалқы станциялар сатып алынған.