Аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Бисембиев «Экологиялық хаб» жобасының авторы Евгений Мұхамеджановпен кездесті. Олар экологиялық бағыттағы жобаларды жоспарлап, жүзеге асыру жолын талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
- Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында экологиялық жобаларды ұйымдастыру өңірдің күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі. Сондықтан “Экологиялық хаб” жобасы бізге үлкен пайдасын тигізеді деп сенеміз. Жоба аясында өңірдің білім беру ұйымдарында “Жасыл мектеп” іс-шарасын ауқымды түрде жүзеге асыру қажет, - деді Ж.Бисембиев.
Ал Евгений Мұхамеджанов «Экологиялық хаб» жобасы туралы толық ақпарат беріп, экологиялық іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.
- Мұнда келушілер пластик, шыны, немесе басқа да қалдықтарды әкеліп, оларды пайдалы заттарға айналдырудың үлгілерін көре алады. Хабта экологиялық өнімдерді өндірушілер, стартаперлер және кәсіпкерлердің бастамалары да көрсетілген. Сонымен қатар тұрақты түрде эко-сағаттар, шебелік сағаттары және дәрістер өткізіліп тұрады. Бұл жобаның негізгі мақсаты — қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоқысты қайта өңдеу арқылы экологиялық сананы арттыру. Жобаға Қазақстанның түрлі өңірінен көптеген компаниялар мен ұйымдар қосылып, эко-стандарттарды енгізу бойынша белсенді жұмыс жасауда, - деді ол.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жоба бойынша Атырау облысы бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, «Экологиялық хаб» жобасының авторы, белсенді, инвестор Евгений Мұхамеджанов өңірдегі бірқатар мекеме мен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен және волонтерлармен кездестіп, жобаның тиімділігін айтып берді.
Сәуле МАҒАУ