Атырау облысы бойынша экология департаменті «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін орнатқан “Атырау жылу электр орталығы” АҚ-на баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл жүйенi енгiзу – эмиссиялардың белгiлi бiр жылдық көлемi бар кәсiпорындар үшiн заңнамалық талап болып табылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Ел бойынша МАЖ жүйесін орнатуға жататын 91 кәсіпорын анықталған . Оның бесеуі Атырау облысында орналасқан. Олар: "Теңізшевройл" ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, NCOC компаниясы, KPI ЖШС және «Атырау жылу электр орталығы» АҚ.
- Автоматтандырылған мониторинг жүйесі арнайы датчик арқылы іске асады. Бұл құрылғыны құбыр ішіне орнатып, шығып жатқан барлық шығарындының көлемін біліп отырамыз. Сол арқылы арқылы апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туды. Датчик азот диоксиді мен оксидін, күкірт диоксидін , көміртегі оксиді және газдың параметрлерін қамтиды. Жоба 2023 жылы іске қосылып, қалыпты жұмыс жасалып келеді, - деді «Атырау жылу электр орталығы» АҚ басшысы Мақсот Аленов.
Айта кетейік, “Атырау жылу электр орталығы" АҚ 5 түтін, 2 су құбырына арнайы датчикті орнатқан. Қазіргі кезде олардағы ақпарат Атырау облысы бойынша экология департаментінің деректер базасына түсіп отыр.
Сәуле МАҒАУ