Атырау көшелерін жаңбыр суынан тазарту үшін 10-ға жуық ассенизатор көлігі жұмылдырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
18-ші қазан сағат 04:00-де жұмысқа кіріскен «Арнаулы Автобаза» мекемесінің қызметкерлері таң атқанша қала көшелерінің басым бөлігін судан тазартқан. Өңірілік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазір олар көше қиылыстарында су сору жұмыстарын жүргізуде. "109" біріңғай байланыс орталығына көшелер мен аумақтарды жауын суынан тазалау туралы түскен өтініш саны 20-дан асқан. Тұрғындар байланыс орталығына хабарласып, су сору жұмыстары бойынша өтініш қалдыра алады.
- Қазірге дейін Сарықамыс, Вокзал маңы ықшам ауданы мен Сұлтан Бейбарыс даңғылында су сору жұмысы жүргізілді. Дәл қазір вакуум көліктері көше қиылыстарында жұмыс істеуде. Қала көшелері судан тазармайынша, бұл жұмыстар жалғасын таба береді, - деді «Арнаулы Автобаза» ЖШС учаске басшысы М.Асанова.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы мамандарының хабарлауынша, 19-шы қазанда да жаңбыр жауады деп күтілуде. Ал жексенбі күні жауын-шашын мөлшері азаяды деген болжам бар.
Сәуле МАҒАУ