50 тоннаға жуық жанар-жағар май мен 235 тонна инертті материал дайын

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына 1511 адам, 244 техника, 187 мотопомпа, 20 жүзу құралы, 3 тікұшақ дайын. Бұл туралы облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатов мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірілік коммуникациялар қызметі.

Бұдан бөлек 48,5 тонна жанар-жағар май, 235 тонна инертті материал, 300 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр және 5 мыңнан астам төсек жабдықтары әзірлеулі тұр.

Атырау қаласындағы Соколок каналында NCOC компаниясының көмегімен 24 шақырым қосымша арна қазылып, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Дәл осындай шара Гогольский каналының жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын аумағына жоспарланған. Оның ені 18 метр, тереңдігі 2 метр. Бүгінде жұмыстың 14 шақырымы аяқталды.

- Жылыой ауданындағы түп тереңдету жобасы 95 шақырымды қамтиды. Оның 46 км Құрсай каналына, 49 км Жем өзені аумағына тиесілі, сондай-ақ 61 шақырымдық бөгет жұмыстары тағы бар. Құрсай каналынан ауылға дейінгі 46,1 шақырым қашықтықта канал арнасының енін 28 метрге кеңейту және 4 метрге тереңдетумен қатар жағаны бекіту жұмыстары жүргізіліп, 35 шақырымы аяқталды. Жем өзенінің арнасын бекіту және тереңдету жұмыстарының 25 шақырымы орындалды. Бүгінде ауданнан 61 км қашықтықта бөгет соғылып, 10 шақырымдық жұмыс аяқталды,- деді Бектұрған Масатов.

Сонымен қатар Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарында тұрғызылған бөгеттерді нығайту және жаға бекіту жұмыстарына қаражат бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда.