2025 жылы Атыраудағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының аумағын қалпына келтіру жұмысы басталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, келер жылы рекультивацияның техникалық кезеңі басталмақ. Жалпы бұл жұмыс жоба бойынша 4 жылға жоспарланған.
Алғашқы, яғни техникалық кезеңінде қоқыс тегістеліп, аумақ реттеледі. Одан кейінгі 2 жылда полигонға арнайы химиялық реагенттер шашылады. Бұл жағымсыз иіс пен түрлі газды жоюға көмектеседі. Содан соң аумақтағы қалдықтар залалсыздандырылады. Биологиялық кезең аясында жасалатын жұмыс аумаққа топырақ пен түйіршік тастар төсеумен қорытындыланады.
- Жұмыстың 4-ші жылында полигон 12 айға жабылады. Өйткені химиялық реагенттер өз әсерін беруі тиіс. Жалпы бұл жұмысқа 150-ден астам маман мен 70-ке жуық техника жұмылдыру жоспарланып отыр, - деді мердігер мекеменің менеджері Азамат Қарастеков.
Бұл жобаға тапсырыс беруші – Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Анықтама үшін: Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1977 жылы пайдалануға берілген. Аумағы 35 гектарды құрйды. Жалпы жер телімі мемлекеттің меншігінде. 2020 жылы бұл учаске бес жылға «Арнаулы автобаза» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген.
Сәуле МАҒАУ