Жаңаталапта жаңа мектеп қашан салынатыны айтылды

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік парақшасында айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілішсі.

Жаңаталап ауылы Атырау қаласындағы ең ірі ауылдардың бірі болып табылады. Әр ауылдың өз ішкі мәселелері болады. Соның бірі мектеп пен балабақша проблемасы тұрғындарды қатты алаңдатуда.

        «Ең алдымен балабақша мәселесіне келсек, оның салынатын жері дайын, жобалау жұмыстары басталады. Ал мектеп мәселесіне тоқталсақ, өздеріңіз де біліп отырғандай ол мектеп-интернат ретінде салынған болатын. Кезінде сондай шешім қабылданған еді. Интернат  жаңа оқу жылынан бастап ашылады. Бірақ ол өз алдына ерекшелігі бар мектеп болады. Біз барлық балаларды мектеп-интернатпен қамти алмаймыз. Себебі басқа ауылдан – Дамбы, Қызылбалық оқушылары да осында келіп қатынайды. Енді біз Дамбыдағы мектептің сот шешімін күтіп отырмыз. Ол ашылса, Жаңаталаптың оқушылары екіге бөлініп оқитын болады. Бірақ бұнымен мәселе шешілмейді. Өйткені ата-аналар жолдың арғы бетіне шығып, балаларын апару қиын екенін айтқан болатын. Сондықтан олар бергі бетке жаңа мектептің салынғанын қалайды. Осы мәселе бойынша қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Қала мен облыс әкімдігінің мамандары өзара ақылдасып, мүмкіндік болса жаңа талапқа сай мектеп салынатын болады» дейді Ж.Орақұлы.

Айта кетейік, жаңа мектеп құрылысы келер 2024 жылға жоспарланып отыр.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Фото: azh.kz