Сәуірде Әзербайжан арқылы 125 мың тонна мұнай тасымалданады – Жұманғарин

 Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сәуірде Әзербайжан арқылы мұнай экспорттау жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы «ҚазМұнайгаз» бен «Сакар» арасында ақыр соңында келісімге қол қойылды. 2023 жылы «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отырмыз. Наурызда бұл процесс басталып, алғашқы екі танкерді жөнелттік. Ол 20 мың тоннаны құрайды. Сәуірде 125 мың тонна жөнелтпекпіз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Баку өзге де бағыттарды ұсынып отыр.

«Мәселен – «Баку – Супса». Бірақ, қазір біз мұнай құбырының техникалық сипаттамасына есеп жүргізіп жатырмыз. Мұнайдың үлкен көлемі темір жол арқылы Батуми мен Поти порттарына дейін жөнелтіліп жатыр. Бүгінде біз зерделеп жатқан басты мәселе – бұл қазақстандық және әзербайжандық тараптағы тасымалдау барысындағы енсіз жерлерді жою бойынша жол картасы», - деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, кеше аталған транзиттік бағытта арзанға тасымалдау мүмкіндігі, нақты тарифі бар, инновациялық технологияларды қолданатын бірыңғай оператор қызметін атқаратын бірлескен кәсіпорын құру мәселесі барынша сеніммен талқыға түсті.