Өзге мемлекеттен әкелінгенмен, ол елдің тіркеуінде жоқ көліктер қайтпек?

Биылғы 10 айда облыс көлемінде өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 17 адам қаза болып, 75 адам дене жарақаттарын алған,  деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі
2021 жылдың 10 айында шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4096 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған.
Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақтың да  тіркеуінде жоқ көліктер аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркегеннен кейін ғана пайдалануға болады. Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай мәшинелер тәркіленіп, иесіне қайтарылады.
Мысалы, Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам ресейлік автокөлік анықталыпты. Бұны сатып алған адам көлікті Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ондайда Қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды.
«Шетелде тіркеуге қойылған көлік иелерінен сақ болу қажеттігін ескертеміз және шетел автокөліктерін сатып алар алдында әкімшілік полиция немесе жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп,  тексеріп алуға мүмкіндік бар екенін хабарлаймыз» дейді Атырау облысы Полиция департаменті басшылығы.