Спорт күні қарсаңында балалар мен жасөспірімдерге арналған 160 орындық жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев және олимпиада ойынының қатысушылары Абиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлова қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.
"Бүгін Бірлік ауылында үлкен қуаныш! Бұл бұқаралық спортты дамытудың кезекті баспалдағы. Бұл жерде түрлі спорт түрлерінен үйірмелер болады. Бұл кешенде жаттыққан спортшылар қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық жарыстардың жеңімпазы болсын деген тілек білдіремін", - Ж.Бисембиев.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы - 1289, 68 шаршы метр. Мұнда ойын залы, үш жаттығу залы, медициналық бөлме және жуыну бөлмелері бар. Кешен іші заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ футбол, волейбол, бокс, дзюдо, джиу-джитсу және кикбоксинг сынды спорт түрлерімен 400 балаға дейін жаттыға алады.
Жаңа нысан облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің иелігіне беріледі.
Анықтама үшін: облыста балалар мен жасөспірімдерге арналған 31 спорт мектебі бар. Оның 9-ы қалада, 22-сі ауылда. Мұндағы балалар мен жасөспірімдер саны - 19 751. Бұдан бөлек, қаржыландыру арқылы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 17 спорт түрінен тегін секцияларға 20 мыңға жуық бала қатысады. Сәйкесінше, облыс бойынша мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің саны -148 710