Жайықтың жағасында орналасқан «Құрманғазы» мәдениет сарайында жақын уақытта толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Бұл мақсатта 449 млн 700 мың теңге жұмсалмақ және «Азамат құрлыс» ЖШС мердігер деп танылып, бастан аяқ күрделі жөндеумен айналысатын болады» деп хабарлады қала әкімдігіндегілер.
Мәдениет сарайының негізі 1948 жылы қаланған. Сол уақыттан бері тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. «Құрманғазы» мәдениет сарайының директоры Мақсот Айтжанұлының айтуынша, тек 2001-2002 жылдары ғана жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жасалған екен.
«Ғимараттың кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Осыдан 75 жыл бұрын оның шойын құбырлары қабырға ішімен жүргізілген (қабырғаның ені – 50 см). Бүгін бәрі шіріп, кәріз суы қабырғаның бетіне шығып жатыр. Бұдан бөлек, электр жүйесі де әбден тозған. Мәдениет сарайының бір жақ блогының төбесі құлап тұр. Сырттан кіретін қосымша темір баспалдақ та толық шіріп тұр» деді Мақсот Айтжанұлы.
Айта кетейік, 1982 жылдан бастап «Құрманғазы» мәдениет сарайы сәулет және қала құрылысы ескерткіші болып саналады. Ал құрылыс жобасының авторы – ленинградтық сәулетші Васильковский. Ондағы көрермен залы 400 адамға шақталған және 34 бөлмесі бар. Өнер ордасының жалпы аумағы 21 мың шаршы метрден асады.
2001 жылға дейін «АМӨЗ» АҚ мәдениет үйі деп аталды.
Эльмира АЙНАБЕКҚЫЗЫ