Атырауда ағаштарды не үшін жалаңаштады?

Атырауда әлеуметтік желілерде тұрғындар қаладағы ағаштардың кесіліп жатқанын сынап жазды. Олар онсыз да жасыл желегі аз шаһардағы ағаштарды жалаңаштайтын болды деп алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.

 Осыған орай, біз «Каспийдормостострой» ЖШС директорының орынбасары Леонид  Задерныйға хабарласқан едік. Оның айтуынша, ағаштарда сөл шығу уақыты  басталғанға дейін  олардың ұштарын кесу керек. Ол жасыл желекті күтіп-баптаудың алғашқы кезеңі екенін алға тартты.

«Кейбір әлеуметтік желілерде ағаштардың кесілуіне қатысты сын жазылды. Бірақ оны басқа мердігер жүргізді. Біз  «Теңізшевройл»  компаниясына қарсы беттегі аллеядағы және Сәтпаев көшесіндегі тұрғын үйлер арасындағы ағаштардың ұшын кестік. Кейбір учаскелердегі ағаштардың егілгеніне 30-40 жыл болған. Олардың ортаңғы бұтақтары мүлдем кесілмеген. Сондықтан ағаштардың  көпшілігінде қаңқа бұтақтарының құрылымы дұрыс емес. Кесу арқылы ағаштың өсуіне серпін беруге көмектесеміз. Тал-дарақтардың көбі апатты жағдайда және ыңғайсыз жерлерде өскендіктен,  олардың астынан өтіп бара жатқан адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Яғни, адамдардың үстне құлап кетіп, зақым келтіруі мүмкін», - деді Л.Задерный.

Ағаш кесу жұмыстары сынға ұшырағандықтан, «Каспийдормостострой» ЖШС қызметкерлері А.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтына хабарласып, мамандардан тоқетер жауап алыпты.

Сарапшылардың қайтарған жауабын қысқаша келтірсек:

«Ағаштар қартайғанда, яғни жыл сайын өсуін тоқтатып, бұталары қурай бастағанда, жанындағы жасыл желекке қарай қисайып, қауіп төндірген кезде, балалар ойын алаңшасында, жаяу жүргіншілер жолында, көпқабатты үйге немесе мекемеге кіре берісте болса, онда оны кесу керек.  Бұл жағдайда бұтақтарды базальды бөлігіне дейін терең кесу жүзеге асырылады, бұл жаңадан жас өскіндердің пайда болуына мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар қазаннан сәуірге дейін жалғасады».

Демек, қара күзде жапырақтар жерге түскен кезден бастап, ағаш бұтақтарының бойында сөл жүре бастаған сәтте мамандар ағаш кесе бастайды.

Э.МЫҚТЫБАЕВА.