Атырау қаласында жаңадан салынған екі BINOM мектептерінің оқушылары 1-ші қыркүйекте арнайы форма киетін болады, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Білім болашағы» ҚҚ атқарушы директоры және BINOM SCHOOL басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, бұл білім ордалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынғандықтан, өзінің ішкі тәртібі мен заңдылықтары бар.
«Біздің мектептерде балалардың киетін киімі өзгерек болады. Оның үлгісі осыдан екі жыл бұрын бекітілген. Қазіргі уақытта алты мектептің оқушылары киіп жүр. Атыраудағы екі мектептің де оқушылары ортақ ережеге бағынады. Форманың бағасы аса қымбат емес – 22-25 мың теңгенің шамасында болады. Біз 1-ші сыныптан бастап балаларға пиджак киігізіп қоймаймыз. Оларға ыңғайлы болсын, әрі еркін жүрсін деп бомбер мен поло кигізгенді жөн санаймыз», - деді Шолпан Қадырова.
BINOM мектептерімен серіктес қарағандылық фабрика жуырда Атырауда дүкендерін ашады. Қос мектепке оқушылар түгел қабылданып болған соң ата-аналар жиналысында білім ордаларының ішкі тәртібі түсіндіріліп, қандай форма алу қажеттігі айтылады.
Айта кетейік, BINOM-да басқа да жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердегідей діни атрибутикаға тыйым салынған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА