Атыраудағы ұлттық қыздар мектебі туралы жаңа дерек белгілі болды (+видео)

Атыраудағы ұлттық қыздар мектебінің басшылығы өздеріне қатысты тараған ақпарат туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Атырау қаласында ұлттық қыздар мектебі сәләфилік бағытта тәрбие беріп жатыр деген ақпарат желіде қызу талқыға түсті. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында ATPress.kz тілшісі білім ордасына барып, мектеп директорымен және оқушылардың ата-аналармен тілдесіп қайтты.

БЛОГЕР МЕ, БӘЛЕГЕР МЕ?

Білгеніміздей, Б.Майлин көшесінде орналасқан екі қатарлы мектеп 1-4 сынып аралығындағы 350 қызға арналған. Онда күні бүгін 116 оқушы білім алады. Оларға 15 мұғалім дәріс береді.

Жұмазия Жолмұханова, ұлттық қыздар мектебінің директоры:

Нұргүл Муқашева деген блогер мектепті сыртынан түсіріп, әлеуметтік желіге таратқалы бұқаралық ақпарат құралдары әлгі қауесетті бірінен-бірі көшіріп, әртүрлі қаңқу сөздердің тарауына «жәрдемдесті». Мұның бәрі биылғы оқу жылынан жұмысын бастаған мектебімізге, ондағы кейбір мұғалімдерге теріс әсер еткені белгілі. Тіпті, менің жеке басыма да шүйлігіп, тағдырлы туыстарымды (жеке отбасыма қатысы болмаса да) жерден жеті қоян тапқандай «жарнамалапты». 

"ТЫРНАҚ ӨСІРІП, КІРПІК ЖАПСЫРАДЫ..."

Жұмазия  Жолмұханова мектеп кабинеттерін аралатып, ішкі тәртіппен таныстырды. Ондағы оқушылардың жартысынан көбі намазхан отбасының қыздары болғанымен, сабақ кезінде оларға орамал тағуға рұқсат етілмейді.

Жұмазия Жолмұханова, ұлттық қыздар мектебінің директоры:

Оқушылардың кимешекпен келетіндері сабаққа мектеп формасын ауыстырып  кіреді. Талап сондай. Ал, олардың мектептің сыртындағы ұстанымдарына біздің араласуға құқымыз жоқ. Ұлттық құндылықтарға қарсы бағытта тәрбиелеуі мүмкін деген алып-қашпа сөздердің жетегінде жүргендерге есігіміз ашық, келіп көрсін балалардың қалай білім алып жатқанын.
Бұнда оқушылар өздерін өте еркін сезінеді. Ешкім оларды қыспақтамайды. Бос уақыттарында спортзалда ойнайды, кітапхана келіп, ұлт ұлыларының өмірімен танысады, олардың тағылымды туындыларымен сусындайды».

Ата-аналар да ашылғанына көп бола қоймаған аталмыш мектептің жұмысына риза.

Гүлнар  Өтепбергенова, ата-ана:

«Немерем осы мектептің 4 сыныбында оқиды. Өзіміз де иманды отбасымыз, балаларымыздың да жақсы жерде оқығанын қалаймыз. Осы мектеп ашылады дегелі оны жан-жақты зерттеп, қызымызды оқытамыз деп шештік.
Бұған дейін немерем оқыған мектепте, апайлары ренжімесін, білімінің нашарлығын айтпағанда,  оқушысы қайсы, мұғалімі қайсы айыра алмаушы едік. Тырнақ өсіріп, кірпік жапсырған қыз балалардың көшедегі ересек арулардан айырмашылығы жоқ. Ал, мына мектепте қыздар ұлдардан бөлек ұлттық тәрбие алады. Ұлт тәрбиесі қыздардан басталады. Ендеше қыздарымызды неге осындай мектепке бермеске?».

"ҚЫЗДАР МЕКТЕБІН ІЗДЕП ТҮРКИЯҒА ДЕЙІН БАРДЫМ" ДЕЙДІ АТА-АНА

Арнайы қыздар мектебі болмағандықтан, қыздарын жетектеп, еліміздің әр өңірін, тіпті көрші мемлекеттерді жағалап кеткен жерлестеріміз де бар екен. Солардың бірі атыраулық – Ақылбек Тыншым.

Ақылбек Тыншым, ата-ана:

Президентіміз биыл Балалар жылын жариялады және балалардың денсаулығы мен білім сапасына зер салуды міндеттеді. Осы бағытта еңбектеніп жүрген азаматтар мен басшыларға алғысымыз шексіз.
Қызымызды арнайы қыздар мектебіне оқытпақ болып Ақтөбе қаласына, кейін Алматыға бардық. Екеуінде де білім сапасы көңіл көншітпеді. Амал жоқ, Түркияға көштік. Өзім Құлсары қаласының тумасы болсам да қызыма сапалы білім іздеп қай жерге де баруға дайын болдым. Түркияда ата-ана баласын қай мектепке беретінін өзі біледі. Соны естіп, аяқтай барып, танысып, кейін отбасымды көшіріп алып кеттім. Оқу жылы басталар тұста өз облысымызда қыздар мектебі ашылады деген ақжолтай хабарды естіп, сөйлесіп, өз Отанымызға оралдық. Қуаныштымыз».

"ҰЛДАР МЕКТЕБІН АШУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСТАР ДА БАР"

«Әлеуметтік желідегі әртүрлі пікірлерден кейін қоңырау шалып, ұсыныс-пікірлерін айтушылар да көбейді» дейді мектеп директоры Жұмазия Жолмұханова. «Солардың бірі ұлдар мектебін ашуымды өтінді. Дегенмен, мен бұл мектептің құрылтайшысы емес, директоры ғанамын. Мүмкіндік болса, неге жасамасқа? Оны басшыларға ұсынуға болады.

Қазіргі уақытта мектебіміз 1-4 сынып оқушыларын оқытады. 5-9 сынып қыздарын да оқыту ойда бар және оларға жан-жақты тәлім-тәрбие берумен қатар түрлі үйірмелер ашуды қолға алсақ дейміз» дейді директор. Дәл қазіргі уақытта қолдарында тиісті лицензияның жоғын айтқан мектеп басшысы оны алты ай уақыт ішінде рәсімдеуге болатынын атап өтті.
Мектеп директоры негізсіз жала жапқан тұлғаларға қатысты заң орындарына шағымданатынын да жеткізді. Алғаш болып ақпаратты таратқан «Адырна» порталы мектеп әкімшілігі жіберген хаттан кейін асығыс жазылған ақпаратын теріске шығарған.