Атырауда жаңа әуежай бой көтермек

Жаңа нысанға жер учаскесі де бөлініп қойған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Алайда құрылыстың басталу мерзімі әкімдік пен инвесторлар арасындағы келіссөздердің аяқталуына байланысты.

"Әуежайдағы жолаушылар ағыны артып келеді. Сондықтан қолданыстағы нысан ондай талаптарға жауап бере алмайды. Жаңасын салу жөнінде инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Біз 3 млн жолаушы ағынына есеп жасап отырмыз.

Сондай-ақ, қазіргі әуежай тек мемлекеттің емес, жеке әріптес – түркиялық инвестордың да қатысуымен салынғанын атап өткім келеді. Біз маңызды мәселелерді бірлесе шешуіміз керек. Келіссөздердің де созылып жатқаны сондықтан. Жаңа әуежай құрылысының мейлінше тезірек басталуына әкімдіктің өзі де мүдделі екенін еске салғым келеді" деген болатын аймақ басшысы Серік Шәпкенов жуырда ғана ОКҚ орталығында өткен брифингте.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Сурет AtyrauРress сайтының мұрағатынан алынды