Атырауда «Ерік Мостовой» каналынан аққан кәріз суы Жайық өзеніне құйылып, ластауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ағынды судың өзенді ластап жатқанын жергілікті тұрғындар байқап, дабыл қақты.
«Дренаж арнасында осындай сұмдық болып жатыр. Таңғы серуенге шығып едім, мынадай жағдайға куә болдым. Халық «объездной көпір» деп айтады ғой осы тұсты. Мына жерде жаман су сарқырап ағып, Жайыққа құйылып жатыр. Сасық судың неше күн ағып тұрғаны белгісіз. Жайықта онсыз да балық жоқ еді. Енді қалғаны өліп тынатын болды», - деп ашынды қала тұрғыны.
Бұл ретте экологтар өзен суынан сынама алып, зертханада тексеру үстінде. Атырау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Сапар Тұрсынбековтың айтуынша, нәтижесі келесі аптаның басында белгілі болады.
Облыстық мәслихаттың депутаты Айбар Ерекешов Facebook парақшасында бұл мәселені анықтау үшін «Ерік Мостовой» каналына барғанын жазған.
«Жиі жауған жауынға байланысты жер асты суларының көтерілуі себеп болған. Алайда Жайық өзеніне лас судың ағуына тосқауыл қоямыз. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин бұл канал бойынша ауқымды жобалар дайындауда», - деді А.Ерекешов.
Халық қалаулысы қазіргі кезде шлюздің кейбір жерлеріндегі істен шығып тұрған тұстары жаңартылып, толық жабылғанын және оның алдына қолдан құммен кедергі салынғанын айтты.
Ал Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ұлттық сараптама орталығы» Атырау облыстық филиалының мамандарымен бірлесе отырып, Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен Жайық өзенінің су құрамын тексеру үшін сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесі алдағы 4-5 күнде белгілі болады.
Айта кетейік, 20 жыл бұрын Атырауда салынған «Ерік Мостовой» дренаж арнасы Жайық өзеніндегі судың азаюы салдарынан осы күнге дейін өз мақсатында пайдаланылмай келді. Ол су тасқыны кезінде осы өзеннің арнасын бұруға бағытталған еді. Соңғы онжылдықтарда «Ерік Мостовой» жаңбыр мен қар суының тұндырғысына, ал жазда шыбын-шіркейдің ұясына айналған. Бұдан бөлек бұл жер тұрмыстық қалдықтар тастауға ды ыңғайлы секілді. Мұның бәрі қаланың экологиялық жағдайына кері әсерін тигізді.
Облыс әкімдігі дренаж арнасының мәселесін шешіп, оны ел игілігіне пайдалануды көздеп отыр. Арна түбіне дренаж және кәріздік коммуникациялар, жазғы су құбыры тартылады деп жоспарланған. Арна есебінен жеке сектордағы үйлердің 70-80% -ін орталық кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА