Атырауда «Үш кербез» мүсінін қайта жаңғыртуға 53 млн теңге жұмсалады

Биыл " Құрманғазы " мәдениет үйінің алдында  «Үш кербез» атты сәулет нысаны қайта жаңғыртылады.  Бұл ретте  бюджеттен 53 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атыраулықтардың пікірінше, "Құрманғазы" мәдениет үйінің  алдындағы "Бақбақ" субұрқағының жобасы мен  "Үш кербез" мүсіні бір-бірімен мүлдем үйлеспейді.  Осыны ескерген қала билігі түзету енгізген дұрыс деген шешімге келіп отыр.

«Осыған дейін жіберілген кемшіліктер, әсіресе эстетикалық сипаттағы  кемшіліктер толығымен түзетілетін болады. Бірақ «Үш кербез» мүсіні субұрқақтың ортасында бұрынғыша қалады. Қазір мердігер компания анықталды. Қайта қалпына келтіру жұмыстарымен «ОрдаЖобаҚұрылыс» ЖШС айналысады. Бұл ретте 53 180 147 теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жақын күндері басталады», деп хабарлады қала әкімдігінен.

Ақтөбелік "Buld Project" компаниясы орындаған эскиздік жоба бойынша субұрқақтың өлшемі 10х12х12 метр тең қабырғалы үшбұрыш пішінге ие болады. Ал үш кербезден тұратын композиция қауыздың ортасына орналастырылады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.