Атырауда танымал суретші дүниеден өтті

Бүгін, 4 қарашада 63 жасқа қараған шағында атыраулық белгілі суретші Әділқайыр Жантасов дүниеден озды.

Әділқайыр Жантасов Атырау облысы Индер ауданының тумасы. 1958 жылы дүниеге келген. Алматыдағы Гоголь көркемсурет училищесін, бірнеше жылдан кейін – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын үздік бітірген.

Қазақстан Суретшілер Одағының және Дизайнерлер Одағының мүшесі болды.

Қылқалам шебері Әділқайыр Жантасов Атырау қаласының Елтаңбасының авторы (1993 жылы байқауда жеңімпаз атанды).

Өмірінің соңғы жылдары Әділқайыр Жантасов Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында ұстаздық етті.

Суретшінің жеке қорында жүзден астам түрлі картиналары мұра болып қалды.

Оның қазақтың әйгілі күйлерімен орындалған «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Махамбет» «Көңіл толқыны» шығармалары өнер сүйер қауым арасында зор танымалдыққа ие. 

Әділқайыр Жантасов  сұхбаттарының бірінде атақ қуып көрмегенін, сондықтан қарапайым сурет мұғалімінің жолын таңдағанын айтқан болатын.