Әлеуметтік желілерде Атырау қаласындағы мектептерде белгісіз біреулер қылмыс жасамақ ниетте дайындалып жатыр деген ақпарат таралуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әлеуметтік желілерде қаладағы бірқатар мектептерге шабуыл жасаймыз деп қорқытқан мынадай жалған жазбалар тарап жатыр.
Бұл ақпарат Атырау облыстық полиция департаментіне жолданды. Баспасөз қызметі фейк хабарламаға қатысты түсініктеме берді.
«Қазір құзырлы органдармен бірлесіп, аталған ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті бейнебақылау арқылы қамтамасыз етуге және полицейлер қатарын арттыруға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына кіргізуді бақылау да назарға алынады», - делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері осындай жалған хабарламалар еліміздің бірнеше қаласында таратылған. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең тудыруды көздейді.
«Азаматтардан арандатушылыққа бой алдырмауды және сабырлық сақтауды сұраймыз! Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында», - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске салайық, 25 қаңтарда полицияға әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы анонимді хабарлама келіп түскен. Сол кезде балалар мен мұғалімдер шұғыл эвакуацияланған еді. Абырой болғанда, жедел іс-шаралар кезінде мектептен жарылғыш зат табылмады.
Белгісіз біреулер “Конец Атырау” Telegram-арнасын ашып, онда қала тұрғындарының 26 қаңтарды мәңгі есте сақтайтынын айтқан. Оның авторлары екі «Бином» мектебінде, сондай-ақ N38 және N41 мектептерде жаппай оқ атамы деп уәде берді.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде ғимараттан жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған хабарлау фактісі бойынша тексеру жүргізілді.
Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273 бабы бойынша, дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау – бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеді.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: Freepik