Облыс орталығында көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселе оң шешімін таба бастады. Қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларында спорт және балалар алаңшаларының құрылысы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл тақырып атыраулықтардың әлеуметтік желіде қаузап, әкімдік қызметкерлеріне жолдайтын көп сауалдарының бірі. Өйткені балалардың асыр сап ойнап, уақытын тиімді өткізетін алаңшалардың болмауы немесе тым ескіріп, қараусыз жатуы – халықтың шамына тиген еді.
Бүгінде «Атырау көлік» ЖШС-нің жұмысшылары «Авангард-2» және «Лесхоз» шағынаудандарында спорт және балалар алаңшаларын орнату жұмыстарын бастап кетті. Серіктестіктің директоры Александр Лобзеневтің айтуы бойынша, мердігер компания 22 ауланы абаттандырады. «Аулаларға спорт және балалардың ойын алаңшаларын орнатуды бастадық. Мәселен, спортпен шұғылдану үшін қажетті тренажерлар, футбол алаңқайлары, әткеншектер, сырғанақтар және тағы басқа құрылғылар қоямыз. Қазір өзімізге тиесілі аулаларға апарып жатырмыз. Ескілері алынып тасталынады. Жалпы 22 жұмысшымыз іске кірісті», - дейді А.Лобзенев.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, Атырау қаласында барлығы 150 спорт және балалар алаңы салынады. Бұл ретте 6 млрд теңгеге жуық жобаға көппәтерлі үйлердің 100 мекенжайы енгізілген. Жұмыстарды «Риголит», «АтырауКөлік» және «Sheberbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, аулаларды абаттандыру жұмыстары былтыр басталған еді. Биыл да жалғасын таппақ. Бұл жолы да ескі спорт және балалар ойын алаңдары жаңадан орнатылып, аула ішіндегі өткелдер мен жаяу жүргіншілер жолына асфальтбетон төселеді, жарықтандырылады, орындық және қоқыс жәшіктері қойылады. Ал кей жерде кәріз жүйесін ауыстыру қарастырылған. Бұл жоба келесі жылы аяқталады және көпқабатты үйлердің барлық аулаларын қамтымақ.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА