Атырау облысында қаңтар, ақпан, наурыз және сәуір айларында АИТВ инфекциясын 17 адам жұқтырған, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде орталықта адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясын жұқтырған 328 адам диспансерлік есепте тұр. Бұл дертті жұқтырғандар саны азайып отыр. Мәселен, былтыр осы уақытта 25 адамнан қауіпті инфекция анықталған.
«Биыл 17 адам тіркелсе, соның бесеуі әйел. Атырау облысында алғаш рет АИТВ инфекциясын жұқтыру дерегі 1993 жылы анықталған. Сол уақыттан бері бұл дерттен 13 адам көз жұмды. Айта кетейік, АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласады. Бұл дертті жұқтырғандар жазылмайды. Ауырған пациенттердің иммунитеті инфекцияға қарсы күшейтілген дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін қалыпты болып тұрады. ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып, дүние жүзінде көптеген жандарға қасірет әкелсе, қазіргі таңда заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында уақытында анықталып, үздіксіз ем алған адамдардың сапалы ұзақ өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айта кетейік, облыста алғаш анықталған сәттен бастап 13 адам ЖИТС-тен көз жұмған.
Атырау облысы бойынша АИТВ инфекциясына тексерілу тегін, ол үшін облыстық ЖИТС орталығына немесе жергілікті емханаға барып қан тапсыру (анонимді түрде де болады) қажет.
ЖИТС орталығының сенім телефоны: 21-11-03.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА