Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Telegram-каналында мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жыл басынан бері қазақ тілін қолдану ережесін бұзған екі мейрамханаға ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.
Облыс әкімінің орынбасары соңғы кездері Атырау облысы әкімдігіне қала тұрғындары атынан қоғамдық орындарда, әсіресе мейрамханалар мен кафелердегі көрнекі ақпаратта, соның ішінде ас мәзірлерінде мемлекеттік тілді заңдылық талаптарға сәйкес пайдаланбау жағдайлары туралы хабарлар мен өтініштердің көптігін алға тартты.
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, басқа да көрнекі ақпараттармен бірге, ас мәзірлері де мемлекеттік тілде ұсынылуы керек. Қажеттілік болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады.
Сондықтан, халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлерге Тіл туралы және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңдылық аясында қызмет көрсетуге міндетті екенін еске салғым келеді, - деп жазды Ж.Бисембиев.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА