Атырау облысы аумағында бұл іс-шара екі күн өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
27-29 қараша күндері аралығында мал ұрлығын ескерту, алдын-алу және ашу, оларды жасаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында «Мал ұрлаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
- Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары және криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындармен мал ұрлығының алдын алу бойынша әңгімелесу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ мал ұрлығын жасайтын адамдар мен қылмыстық топтар туралы ақпаратты жинау, малды сою және ет өнімдерін сату орындарын, сондай-ақ даярлаушыларды, қайтып сатып алушыларды және сатушыларды анықтау мақсатында, қала аумағында ет қабылдау станциялары, мал базарлар мен мал сою алаңдары, ет сататын дүкендер, сауда орындары, базарларға тексеру жұмыстарын жүргізеді, - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, күнделікті республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылған жол-патрульдік полиция қызметкерлері ветеринариялық паспорттарсыз, анықтамаларсыз, сертификаттарсыз малды және ет өнімдерін тасымалдау фактілері тексеріліп жатыр.
Эльмира Мықтыбаева