Қалада 5 қаңтарда Жайық өзеніне батып кеткен адамды сүңгуірлер қайта іздеуді бастады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының берген ақпараты бойынша, 16 наурызда қайта жалғасқан іздеу жұмысына 5 құтқарушы, 1 жүзу құралы тартылған.
«Биылғы 5 қаңтарда жергілікті сағат 11:14 шамасында Атырау қаласындағы «Жұмыскер» шағын ауданы тұсында екі ер адам Жайық өзенінде қатқан мұз астына түсіп кеткен. Полиция қызметкерлері өзенге батқанның бірін – 49 жастағы ер адамды құтқарып қалды. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал, 1975 жылғы ер адамды құтқару мүмкін болмады. Оны іздеу жұмысы 10 күнге созылғанмен, нәтиже берген жоқ. Енді өзенге батып кеткен адамды іздеу қайта жалғасты», - деп жазылған хабарламада.
Күн жылынып, Жайық өзеніндегі мұз еруіне байланысты батып кеткен адамның туыстарының іздестіру жұмыстарын жалғастыру жөнінде өтініш берген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мұз ойылып, Жайыққа түсіп кеткен екі адамның біреуі құтқарылғаны, алайда суға батып кеткен атыраулық табылмағанын жазған едік.
«Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері 24 рет су астынан іздеу жұмыстарын жүргізді. Сүңгу кезінде жалпы ауданы 450 шаршы метрден астам, 4-8 метр тереңдікте су асты тексерілді. Алайда, сүңгуірлер Жайық өзенінің астында бөгде заттарды көп кездестірген. Өзен суының лайлануына байланысты көру деңгейі төмендеген. Мұның бәрі сүңуірлерге су астынан іздестіру жүргізуге қиындық тудырып отыр», - деп қоғаммен байланыс тобы хабарлаған еді.