Жылой ауданының әкімдігі дәрігерлерді қызметтік баспанадан шығаруға қатысты жағдайға байланысты пікір білдірді.
Кейбір БАҚ Жылыой орталық аудандық ауруханасының дәрігерлерінің қызметтік баспанадан заңсыз шығарылғаны туралы ақпарат таратқан. Таратылған басылымдарға жауап ретінде аудан әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Жылыой ауданы әкімінің Құлсары қаласында халықпен кездесуінде Ө.Әбдірахманов көшесінің тұрғындарынан дәрігерлер мен мұғалімдерге берілген қызметтік пәтерлердің үшінші тұлғаларға жалға беріліп жатқаны туралы арыз-шағымдар түсті.
Тұрғындардың өтініштеріне байланысты аудан әкімі Жұмабек Қаражанов «Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгерім ұстаушысына осы жағдай бойынша тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру қорытындысы бойынша қызметтік пәтер берілген екі дәрігердің онда тұрмайтыны және үйін жалға беретіні белгілі болды.
Бұл факті анықталғаннан кейін пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметтік пәтерлер «Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансына қайтарылды.
Қызметтік баспананы дәрігерлерге Жылыой орталық аудандық ауруханасы берген.
Фото ашық дереккөздерден алынды.