Атырауда жергілікті суретші Әділқайыр Жантасовқа арналған сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Әділқайыр Жантасовтың 65 жылдығына арналған «Өмірін өнерге айналдырған» атты музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрмеге суретшінің музей қорындағы «Дала айқайы», «Түнгі Сарытоғай», «Ескі кеме», «Суретші Қ.Досниязовтың портреті», «Кешкі мезгіл. Жаңбырдан соң», «Сарытоғай. Алтын ағаш», «Аққала ауылы» секілді туындылары қойылды.
Іс-шараға Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары мен Жоғары инновациялық халықаралық қатынастар колледжінің студенттері қатысты.
- Мақсат - оқушыларды суретшінің өмірбаянымен таныстыру. Олардың көркемдік талғамын қалыптастыру, суретшінің шығармашылығы мен картиналарына қызығушылықты ояту. Суретшінің жеке қорында жүзден астам картина бар. Әділқайыр Жантасов бір кездері өз сұхбаттарында ешқашан атақ-даңқ қумағанын, сондықтан қарапайым өнер ұстазының жолын таңдағанын, оның шығармалары көрермендеріне шабыт беріп, халық жадында мәңгі сақталатынын атап өткен еді,- деді Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
Айта кетейік, Әділқайыр Жантасов 1958 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. 1975 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы қалалық көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1981 жылы «Қолөнер» бөлімін үздік тәмамдайды. 1981-1986 жылдары Алматы мемлекеттік театр және өнер институтында білім алған. ҚР Суретшілер Одағының, ҚР Дизайнерлер Одғының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі. 1994-1996 жылдары Атырау облыстық Суретшілер Одағының төрағасы міндетін атқарған. 25 жыл бойы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында ұстаздық еткен. 2001 жылы ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталған.