Атырауда 5 мектеп жөнделіп, ондағы оқушылар қашықтан оқытылмақ

Атырау қаласындағы №13, №31, №19, №22 және №27 мектептерде наурыздың соңында күрделі жөндеу жұмыстары басталып, оқушылар қашықтан оқитын болады, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Қазіргі уақытта мердігер компаниялармен келісім-шарт жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Балмұханов білім ұяларындағы жөндеу жұыстарының неліктен ерте басталатындығы туралы айтып берді.  

 «Мектептердегі жөндеу жұмыстары нормативті талаптарға сәйкес 3,5 айдан 6,5 айға дейін созылады. Жөндеу жұмыстары авторлық және техникалық қадағалау мекемелерінің қатысуымен бекітілген жобалық-сметалық құжаттар негізінде істелінетін болады.  Жаңа 2023-2024 оқу жылында құрылыстардың жоспарға сай  уақтылы аяқталуы үшін  төртінші тоқсанда оқушыларды қашықтан оқыту жөн деп шешім қабылданды. Егер мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын жазғы канику кезінде бастар болсақ, құрылысшылар оны дер кезінде, яғни 1-қыркүйекке дейін аяқтай алмай қалуы мүмкін» деді Ерлан Балмұханов. 

Мәселен, Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназияның негізі 1972 жылы қаланып, сол уақыттан бері ғимаратта күрделі жөндеу жасалмаған. Мектеп директоры Бибігүл Гапуованың айтуынша, әр жылдары тек белгілі бір аумағын ғана жамап-жасқаумен шектелген.

«Мектепте шатырды, жылу жүйесін жөндеу, терезелерді ауыстыру секілді ұсақ-түйек жұмыстар жасалынған. Енді 1972 жылы жүргізілген электр сымдары толығымен жаңартылады деп отырмыз. Қазір мектепте 1330 оқушы білім алып жатыр. Олардың ата-аналары ғимаратта күрделі жөндеу басталатыны жайлы хабардар. Қарсылық танытқандар жоқ» деді Бибігүл Гапуова.

Алайда ата-аналардың бұл туралы пікірі екіге айырылды. Бірі – балалардың қашықтан оқығанын қолдаса, енд бірі – қарсы болып отыр. Әсіресе, 11 сынып оқушыларының ата-аналары балалары мектеп бітіретін кезде бұл шешімнің бұрыстығын алға тартады. Өйткені түлектерді алда ҰБТ мен мемлекеттік емтихандар күтіп тұр. Сондықтан балалардың дәстүрлі форматта оқығандары дұрыс еді деген пікір айтылды.

 

Эльмира АЙНАБЕКҚЫЗЫ