Жайық жағасындағы жастар демалыс саябағының қолданысқа берілгеніне биыл төрт жыл болады. Осы уақыт ішінде саябақтың іші біртіндеп тозып барады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Кешқұрым жастар көптеп жиналатын саябақтың көрінісі көңіл көншітпейді. Әлиев көпірінен қараған тұста менмұндалап көлеңке ретінде орнатылған аппақ жабындылардың алқа-салқасы шығып, оны бекітетін темір конструкциялары «жалаңаш» тұр. Жабындылардың алба-жұлбасы шыққанына да біраз уақыт болды.
Бұдан бөлек, саябақтың кей тұсында төсеніш плиталары да алынып, орны ойылып тұр. Бірақ біз барғанда жөндеу мақсатында әкелінген жаңа плиткалар шашылып жатты.
Саябақтың жүгіруге арналған жолағының да жағдайы мәз емес. Оның төсенішінің жабындысы да жұлынып, жалбырап тұр. Бұл көрініске қалалықтар да шағымданып отыр.
«Неге Атырауда бәрі жақсы басталып, соңы осылай аяқталады? Қыруар ақшаға салынған саябақ қой. Мұның бәрі ертең қирап қалса, халық қай жерде дем алады? Оған қоса түнгі уақытта жарық жоқ», - деп шағымданды қала тұрғыны Асылбек Оразов.
Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің өндірістік-техникалық секторы меңгерушісі Нұрбол Жанпейісовтың айтуынша, Жастар саябағы қала әкімдігінің қарауында. Аталған мәселелер бойынша жұмыс істелініп жатыр деп жауап берді.
«Саябақта көлеңке ретінде орналастырылған конструкциялардың жабындыларының жоқтығы рас. Олар желдің қатты тұруы салдарынан ұшып кеткен. Атырау қаласында оны жасайтын мекеме жоқ. Сондықтан мердігер іздеудеміз. Саябаққа шамамен 4 млрд теңге жұмсалды. Ал брусчаткаларды төсеген компания әу баста жұмысын дұрыс жасамаған. Бірақ қабылдаған кезде мінсіз болып еді. Қазір 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен түрлі хабарламаларды жинап, қала шаруашылығына байланысты кем-кетік жұмыстарды қалпына келтірумен айналысатын мердігерге конкурс жарияланды. Нәтижесі шілде айнының ішінде белгілі болады», - деді Н.Жанпейісов.
Естеріңізге сала кетейік, Жастар саябағы 2020 жылы салынған. Саябақ NCOC компаниясының әлеуметтік жобалары аясында бой көтеріп, Атырау қаласының 380 жылдығына арнап тарту етілді. Саябақтың аумағы Атырау мемлекеттік университетіне дейінгі 6,5 гектар аумақты құрайды. Мұнда диаметрі 7 метр болатын 6 субұрқақ және жаяу жүргіншілер жолында жылан формасындағы субұрқақ орнатылған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото: Э.МЫҚТЫБАЕВА және Д.КАНБЕТОВА