Атырауда 270 шақырым көшеге жарық шамдар орнатылып жатыр

Өңірде 270 шақырым көшеге жарық шамдары орнатылуда. Тиісті жұмыстар 2022 жылдың қараша айында басталды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын "Батыс транзит" мердігер мекемесі атқаруда.

Қазіргі уақытта 270 шақырымды құрайтын 370 көшенің 68-і аяқталып, пайдалануға берілді.  Қалған көшелердегі жұмыстар  жыл соңына дейін жалғасады. 

Айта кетейік, көше жарығын орталықтан басқару мүмкіндігі қарастырылған. Сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі берілген бағдарлама бойынша немесе қол режимінде диспетчерлік пункттің операторы көше жарықтандыру нысандарын күңгірттеуді қосу және өшіру функцияларын автоматты түрде орындауға мүмкіндік береді. 

Күңгірттеу функциясы көшелерді қауіпсіз және тиімді жарықтандыру талабын сақтап, қуат шығындарын айтарлықтай үнемдейді. Бұл функция жеке шамдардың қуатын 0-100% диапазонында реттеуге, әрбір шамның қуат тұтынуы туралы ақпаратты және есептегіштердегі ақпаратты жинауға мүмкіндік береді.