Атырауда 23 шаруашылық 135 миллион теңгеге субсидияланды

Бұл туралы Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев «Махамбет ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының дамуына соңғы жылдары Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген жеңілдіктер – субсидиялар төлеу, лизингке техникалар, өңдеу кәсіпорындарының құрал-жабдықтарын алуларына нақты қолдаулар көрсетілуі игі әсерін тигізіп отыр.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 19 млрд 483 млн теңге. Агроөнеркәсіп кешені саласына салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 605,4 млн теңге болып, бұл облыстың агроөнеркәсіп кешені саласына салынған инвестиция көлемінің 56,3% пайызын құрап отыр.

- Осы жылы егілген егіс көлемінің 4 573,1 гектары, яғни 100% жиналып, 79836 тонна өнім алынды. Ал аудан бойынша көлемі 8 гектар болатын барлығы 15 жылыжай бар. Соның ішінде осы жылы «Жумағалиева Н» шаруа қожалығы 4 га жылыжайға қызанақ көшеттер отырғызып, 31 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жаңа технологияларды енгізу және заманауи техникалармен қамту жұмыстары бағытында тамшылатып суару әдісімен барлығы 70 шаруа қожалығы жұмыс істеуде, олардың егістік көлемі 1560 гектар. Бұл жалпы егістік көлемнің 75% пайызын және де осындай әдіспен егілген облыстағы егіс көлемінің 52 % пайызын құрайды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын жұмыстарын жүргізуге шаруашылықтар 162,10 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, - деді Қ.Нұрлыбаев.

Аудан әкімі алынған өнімдерді сақтауға ауданның 7 шаруашылық құрылымындағы сыйымдылығы 14 400 тоннаны құрайтын қоймалар бар екенін жеткізді. Оған қоса шаруашылықтар өндірген өнімдерді тұрғындарға делдалсыз, тиімді бағамен жеткізу үшін апта сайын ауданда жәрмеңкелер ұйымдастырылып отыр. Бүгінге 51 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 52,5 млн теңгенің өнімдері қолжетімді бағамен сатылған.

Сондай-ақ инвестициялық субсидия бойынша барлығы 23 шаруашылық 135 млн тенгеге субсидияланған. Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылық саласында 3 өндірістік кооператив, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 536 шаруа қожалығы тіркелген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 265 мың гектарды құрайды. Бұл барлық жер аумағының 27% пайызы.