Атырау облысында жыл басынан бері өндіріс орындарында жазатайым оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Думан Әбеуов баспасөз брифингінде мәлім етті.
«Облыста орналасқан кәсіпорындардағы 38 өндірістік жазатайым оқиға салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алып, үшеуі қаза тапты.Барлық өндірістік жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеу материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді, - деді Д.Әбеуов.
Д.Әбеуовтің айтуынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 1075 өтініш тіркелді. Оның ішінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 912 өтініш қаралды. Еңбек қатынастары бойынша 583 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.
Осы тіркелген шағымдар мен қабылданған профилактикалық бақылау шаралары негізінде еңбек инспекторлары тарапынан 124 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзудың 162 жағдайы анықталды. Оларды жою үшін 66 ұйғарым енгізіліп, 57 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның нәтижесінде 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды және 5,7 млн теңге өндірілді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА