Биыл қаладағы орталық көшелер жөнделеді. Бұл туралы қала әкімі Мейірім Қалауи қалалық мәслихаттың сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
-Биыл облыстық бюджеттен бөлінген трансферт есебінен ауқымды жол құрылысын жүргізбекпіз. Басты назарды қаланың орталық көшелеріне аударамыз. Біздің есебіміз бойынша, соңғы 10-15 жылда шаһардың орталық көшелеріне толыққанды жөндеу жұмыстары жасалмаған. Мәселен, Сәтпаев көшесі соңғы рет 13 жыл бұрын жөндеу көрген. Сондай-ақ, Құлманов көшесінде де 15 жыл жөндеу жүргізілмеген, - деді қала басшысы.
Сонымен қатар Жарбосынов, Темірханов, Әлиев, Жұмағалиев, Садықов көшелеріне де асфальт төселмек. Жалпы қала бойынша 13 орталық көшеде құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр.
-Құрылыс жұмыстары қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін ыңғайсыздықтар туғызуы сөзсіз. Бұл кезде жолдардың жабылатыны анық. Сондықтан халық қалаулыларынан сайлаушылармен кездескен кезде олардың осы ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауларын түсіндірулеріңізді сұраймын. Егер қазір бұл жұмыстарды қолға алмасақ, онда кейін мұндай мүмкіндіктің болмайды деп ойламын, - деді Мейірім Қалауи.
Сондай-ақ, Еркінқалаға қарай бет алатын төртжолақты жол түседі. Қазір мұндай жол «Авангард» шағынауданынан басталып, «Балықшы» көпіріне дейін жалғасып жатыр. Енді оны осы көпірден И.Тайманов атындағы орта мектепке дейін ұзартпақ.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА