Атырау филармониясы ғасырлық тарихы бар ғимаратқа көшеді

Атырау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония қызметкерлері басқа ғимаратқа қоныс аудармақ, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлім етті.

«Жайықтың жағасында бұрын Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайы болған. Ол ғимарат 90-жылдары жекенің қолына өтіп кеткен. Бүгінде әкімдік тарапынан оны мемлекеттің меншігіне қайтару туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Маусым айынан бастап сол жерге облыстық филармонияны көшіруді жоспарлап отырмыз», - деді Ж.Бисембиев.

Филармония қызметкерлері орналасатын ғимараттың негізі 30-жылдары қаланып, сол кезде  «Мұнайшылар» мәдениет үйі деп аталған.

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның басшысы Хамил Сүйекбаевтың айтуынша, студияны, музей жәдігерлерін, реквизиттер мен кейбір заттарды біртіндеп жаңа қонысқа көшіре бастайды.

«Қоныс аударатын ғимарат қазіргісіне қарағанда әлдеқайда үлкен. Мәселен, қазір 1000 шаршы метр аумақта отырмыз. Ал онда 3000 шаршы метр болады. Сахнасы да үлкен, көрермендер залы да екі есе кең және орналасқан орны да керемет. Біраз жылдан бері жөндеу көрмегендіктен,  ескірген. Сондықтан да заман талабына сәйкестендіріп күрделі жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Сосын толық құраммен жаңа қонысқа көшеміз. Ал әзірге қазіргі орнымызда жоспар бойынша түрлі іс-шараларға дайындығымызды жалғастыра бермекпіз», - деді Х.Сүйекбаев.

Қазір облыстық филармонияда барлығы 220 адам жұмыс істейді. Оның жартысынан көбі өнер иелері. Онда екі оркестр,  фольклорлық және камералық ансамбльдер, сатира театры, би ансамблі, жеке орындаушылар, күйшілер, инструменталистер, қобызшылар квартеті мен басқа да өнер ұжымдары бар.

Айта кету керек, өнерлі ұжым әр жылдары түрлі деңгейдегі байқауларда облыстың абыройын асқақтатып келеді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА