«507 келі балық өлді». Мамандар Атыраудағы жағдайға қатысты түсінік берді

Атырауда балық өлу фактілерінің алдын алу тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті деп хабарлайды ATPress.kz.

Әрісі министрлік, берісі жергілікті сала басшыларынан құралған спикерлер Алмағамбет айдынындағы балықтардың қырылу себептері мен ондағы алдын алу жұмыстарына тоқталды. Мамандар тіркелген жағдайға қарамастан, тиісті жұмыстардың ойдағыдай атқарылғанын атап өтті. Алайда, қоғам белсенділері бұл сөзбен келісе алмады.   
«Балық құтқару алдын ала жүргізіледі» дейсіздер. Қазіргі жағдайда құтқару жұмысы кешіктірілді ме, әлде білмей қалдыңыздар ма? Өлген балықтың жалпы саны 5О7 келі дегенді айтып қалдыңыздар. Бұл сіздерге жеткен есеп қана. Ана жақта көзімізбен көрдік, жыңғылдың арасында өліп жатқан балық одан да көп» деді журналист, табиғат жанашыры Арман Жайық.
«10 жыл  бойы су келмеген жерге енді су келді, ойбай, қамсыз қалдық дегендей ой айтып отырсыздар. Жағаға жыңғыл өсіп кеткенін де таңғалыспен жеткіздіңіздер. Сонда ол жерде балық қырылмағанда,  жыңғылдың өскенін, судың келетінін білмегенбіз бе? Осы жерге жайылма  шығып, уақ балықтарды қырып аламыз-ау дегенді бұрын ойламағанбыз ба? Белсенділер желіге видео салған бойда тұра сала баспасөз мәслихатын өткізіп жатқандай көрінеміз» деді ашынған белсенді.
Бұл сұраққа жауап берген ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов сөзінің басында БАҚ өкілдері мен белсенділер атқарылған жұмыстардан гөрі кемшіліктерді ғана көруге тырысып тұрады дегендей пікір білдірді. Сөйтті де биыл өлген балық санының былтырға қарағанда тым аз екенін дәлелдейтін статистикаға жүгінді. 
«Былтыр 12 тонна балық қырылды. Ал, биыл өлгендер  507 келінің үстінде. Егер біз алдын алу жұмыстарын жүргізбегенде, былтырғы шығын қайталанар еді ғой. Әлбетте, 507 келі балық та аз емес. Алайда былтырғы есеппен салыстырғанда жасалған жұмыстарды нәтижесіз дей алмаймыз» деді Аян Бахиянов.
Сауалға қатысты облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы да уәж айтып, пікірін қосты.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген, айтуыңыз орынды. Дейтұрғанмен,  табиғат жанашырлары Алмағамбет айдынының  200-300 метрлік бөлігіндегі жағдайды ғана қозғап отыр. Бұл ретте мынаны ескерген жөн. Бізде 200-ден асатын су айдыны бар, оның 70-ке жуығында балық қырылу қаупі өте жоғары деңгейде. Сол  бойынша Жайық облысаралық бассейіндік инспекциясының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыстанып, осы 70 су айдынын бақылауға алып, балық қырылу қаупін төмендетті» деді ол. 
Сондай-ақ басқарма басшысы бұл жерге тазалық не қазба жұмыстарын жүргізуге ешқандай қаржы бөлінбейтінін, жұмыстар тек қана инспекторлардың,  жергілікті органдар мен мамандардың  өз күшімен жүзеге асырылып жатқанын айта кетті. 
«Су айдындарындағы теректер мен жыңғылдарға келсек, оларды  жұлу не шабу үшін арнайы рұқсат керек. Осыған байланысты кешегі балық қырылу фактісі тіркелген Алмағамбет су айдынындағы жыңғылдар жұлынған жоқ, бірақ, арналар тазаланды. Судың сағасынан ол жерлерде тиісті жұмыстардың жүргізілгенін көруге болады. Ал, балықтар жайылмадағы жыңғылды жерлерде өлген» деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.