Жылыойда жаңа баспана бағдарламасына өтініш қабылдануда

Жылыой ауданында «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы медициналық қызметкерлер, педагогтар, мәдениет және спорт қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО оқытушылары, ҒЗИ ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала және коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері, сондай-ақ «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрғандар қатыса алады.

Қатысушылар пулы құрылған кезде, олардың барлығы Отбасы банкіне несие алуға жолдама алады. Онда төлем қабілеттілігі тексеріліп, жылдық 5% мөлшерлеме бойынша қарыз беріледі. Бастапқы жарна тек 10% құрайды. Бағдарламаға қатысушы үміттенетін кредиттің ең көп сомасы – Атырау қаласында тұрғын үй сатып алса 18 млн. теңгеге дейін және Атырау облысында тұрғын үй сатып алса 13 млн. теңгеге дейін. Қарыз 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Атырау жастары» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:

1. Қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс.

2. Қатысушының Атырау облысында немесе Атырауда соңғы бір жылдан кем емес үздіксіз тіркелуі және өтініш берген сәтте онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау облысында тіркеуде болу тиіс;

3. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығымен тұрғын үйдің болмауы тиіс.

4. Атырау қаласында немесе Атырау облысында таңдалған салада ресми жұмыс өтілі.

5. Отбасының бір мүшесіне соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 255 572 теңгеден (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды алмағанда) аспауға тиіс;

6. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Өтінімдер Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы (ЖКХ) бөлімінде ағымдағы жылдың 01-20 ақпан аралығында қабылданады.